Өзбекстан Республикасының Көлік министрі Илхам Махкамов елімізге арнайы келген Латвия Көлік министрі Аттис Швинка бастаған делегациямен кездесу өткізді.
Басқосуға Латвия темір жолдары, Рига, Лиепая және Вентспилс порттарының жетекшілері де қатысып, екіжақты серіктестікті тереңдету жолдарын талқылады.
Келіссөздер барысында тараптар темір жол, автокөлік тасымалы, әуе қатынасы және порт қызметтері саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ жаңа жобалар мен мүмкіндіктерді жүзеге асыру мәселелерін қарастырды. Әңгіме өзегінде Өзбекстан мен Латвия арасындағы стратегиялық әріптестіктің бүгінгі қарқынды дамуы ерекше атап өтілді.
Аттис Швинка Латвия көлік министрі қызметіне тағайындалғаннан кейінгі алғашқы сапарын Өзбекстанға жасағанын айтып, бұл сапардың басты мақсаты – көлік саласындағы қарым-қатынастарды жаңа кезеңге шығару екенін жеткізді.
Латвия тарапы әуе рейстерінің санын көбейтуге, жүк тасымалы көлемін ұлғайтуға және электронды сауданы дамытуға қызығушылық білдірсе, Өзбекстан тарапынан цифрлық көлік құжаттарына көшу, автожүк тасымалына арналған рұқсатнама бланкілерінің санын арттыру және транзиттік тасымалдарға рұқсатсыз жүйе енгізу ұсынылды.
Министр Илхам Махкамов Шығыс–Батыс және оңтүстік бағыттағы халықаралық көлік дәліздерін дамыту жұмыстары жөнінде ақпарат беріп, осы бағыттағы ынтымақтастықтың өзара тиімді боларына сенім білдірді.
Тараптар қол жеткізілген уағдаластықтар тек екі ел арасындағы байланысты күшейтіп қана қоймай, бүкіл аймақтың көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға серпін беретініне тоқталды. Сонымен бірге, жаңа келісімдер Орталық Азияны Еуропамен байланыстыратын маңызды көпірге айналдыруға мүмкіндік береді. Бұл ынтымақтастық ұзақ мерзімді серіктестіктің берік іргетасын қалыптастырады.