Өзбекстан мен Латвия арасындағы алғашқы жүк рейсін биылғы жылдың маусым айының соңы – шілде айының басында ашу жоспарланған.
Өзбекстан елшілігінің хабарлауынша, Еуропалық Одақ елдеріне экспорт көлемін ұлғайту аясында Fly Khiva жергілікті әуе компаниясының бас директоры Дилшод Ходжаев бастаған делегация Латвияға сапармен барды.
Халықаралық әуе жүк тасымалы департаментінің басшылығы, тиісті министрліктер мен ведомстволарда, сондай-ақ Рига әуежайында кездесулер өтті. Кездесулерде Латвия тарапы екі ел арасында жүк тасымалы байланыстарын орнатуға мүдделі екенін білдірген.
«Тараптар Өзбекстан-Латвия бағыты бойынша халықаралық жүк әуе тасымалын жолға қою, оны Балтық өңірінің басқа да ірі қалаларына кеңейту мәселесін бірлесіп пысықтауға келісті», делінген хабарламада.
Жаңа әуе бағыты Өзбекстаннан Латвияға және Еуропалық Одақтың басқа елдеріне жеміс-көкөніс, тоқыма және басқа да өнімдерді экспорттаудың маңызды бағытына айналады.