Өзбекстан Миграция агенттігінің басшысы Бехзод Мусаев пен Италияның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Пьергабриеле Пападиа де Боттини арасында кездесу өтті.
Кездесуде биылғы 29 мамырда Италия Премьер-министрі Джорджа Мелони ханымның Өзбекстанға жасаған ресми сапары аясында қол қойылған «Миграция және мобильдік туралы өзара түсіністік жөніндегі меморандумның» жүзеге асырылуы және оны іс жүзінде енгізу мәселелері талқыланды.

— Бұл меморандум — тарихи құжат. Оның жобасы ұзақ уақыт мұқият дайындалды. Біз оны тез арада іске асыруды қолдаймыз, — деді елші Пьергабриеле Пападиа де Боттини. — Миграция – аса маңызды бағыт. Өзбекстан бұл саладағы бай тәжірибесімен Орталық Азиядағы серіктестері үшін үлгі бола алады.

Сондай-ақ, Италияда инженерия, туризм және ауыл шаруашылығы секілді салаларда білікті мамандарға сұраныс жоғары екені атап өтілді. Осыған байланысты Италия тарапы 2026 жылдан бастап өзбекстандық мамандар үшін 1 500 бос жұмыс орнына арнайы квота бөлінетінін мәлімдеді.
Айта кету керек, қазіргі таңда Италияда заңсыз мәртебеде жүрген Өзбекстан азаматтары жоқ. Бұл жағдай тараптар арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нәтижелі жүргізуге үлкен негіз болмақ.