Өзбекстан мен Германия арасындағы экономикалық, білім беру және гуманитарлық салалардағы серіктестік мазмұндық тұрғыдан тереңдеп, өзара ықпалдастықтың жаңа кезеңіне қадам басуда.
Осы үдерістің маңызды жалғасы ретінде «Өзбекстан – Германия» және «Германия – Орталық Азия» парламенттік ынтымақтастық топтарының онлайн форматтағы кездесуі өтті.
Келелі басқосуда парламентаралық диалогты екіжақты қатынастардың стратегиялық бағыты ретінде одан әрі жандандыру мәселелері кеңінен талқыланды. Әсіресе Өзбекстан Олий Мажлис Сенаты мен Германия Бундестагы арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге айрықша мән берілді.

Тараптар Парламентаралық Одақ және ЕҚЫҰ Парламент Ассамблеясы аясындағы ынтымақтастықтың жүйелі сипат алғанын атап өтті. Сонымен қатар «Өзбекстан – Германия» және «Германия – Орталық Азия» парламентаралық топтары заң шығару тәжірибесімен алмасатын, бастамалар ұсынатын және өзекті мәселелерді үйлестіретін тиімді алаңға айналғаны айтылды.
Комитеттер арасындағы тұрақты диалог пен өзара сапарлар сенімді нығайтып, күн тәртібіндегі маңызды тақырыптарды ашық талқылауға мүмкіндік беріп отыр. Бұл өз кезегінде саяси сенімді арттырып қана қоймай, нақты жобаларға жол ашуда.

Кездесу барысында екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, жоғары технологиялар трансферін жандандыру, сондай-ақ білім беру мен гуманитарлық байланыстарды тереңдету мәселелеріне баса назар аударылды. Тараптар серіктестікті прагматикалық әрі өзара тиімді негізде дамытуды жалғастыруға ниетті екендерін растады.