Өзбекстан мен Гамбия арасында дипломатиялық байланыс орнатылды
2024 жылдың 14 наурызында Нью-Йорк қаласында Өзбекстан мен Гамбия арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы бірлескен коммюникеге қол қойылды.
Екі ел үкіметтері атынан құжатқа Өзбекстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Улугбек Лапасов пен Гамбияның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Ламине Дибба қол қойды.
«Тараптар халықаралық ұйымдар, соның ішінде БҰҰ және оның мамандандырылған мекемелері аясындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделілік танытты. Екіжақты ынтымақтастықтың өзара тиімді бағыттарын табу үшін өзара ынтымақтастықты жандандыру туралы келісімге қол жеткізілді», делінген Dunyo агенттігі хабарында.
Осылайша Батыс Африкада орналасқан Гамбия Өзбекстанмен дипломатиялық қатынас орнатқан 148-ші ел болды.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың 6 наурызында Нью-Йоркте Өзбекстан мен Белиз арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы Бірлескен коммюникеге қол қойылған еді.