Өзбекстан Республикасының парламенттік делегациясы Беларусь Республикасына ресми сапармен барды.
Витебск қаласында өтіп жатқан халықаралық бизнес-форум аясында Өзбекстан Республикасы Олий Мажлис Сенатының Төрайымы Танзила Нарбаева Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысының Республикалық Кеңесі Төрайымы Наталья Кочановамен ресми кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және парламентаралық байланыстардың қазіргі жай-күйі мен болашағын талқылады. Екі ел көшбасшылары арасында орнаған сындарлы диалог пен жоғары деңгейдегі сапарлар өзара қарым-қатынасты жаңа сапалық деңгейге көтеріп отырғаны ерекше атап өтілді.
Соңғы жылдары Өзбекстан мен Беларусь арасындағы тауар айналымы бес есеге артқаны экономикалық ынтымақтастықтың нақты көрсеткіші ретінде бағаланды. Өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, логистика және туризм салаларында өзара тиімді бірлескен жобалар ойдағыдай жүзеге асырылуда.

Мәдени-гуманитарлық салада да ауқымды жұмыстар атқарылуда. «Шығыс әуендері» мен «Славян базары» сынды халықаралық фестивальдер аясында мәдени алмасу мен шығармашылық ынтымақтастық кең өріс алып келеді. Сондай-ақ білім беру саласында 45 жоғары оқу орны арасында ынтымақтастық орнаған, қазіргі таңда екі мыңнан астам өзбекстандық студент Беларусь университеттерінде білім алып жатыр.
Парламентаралық бағытта өзара сапарлар, бірлескен форумдар мен комиссия отырыстары тұрақты түрде өткізіліп келеді. Биылғы жылдың маңызды оқиғасы ретінде «Достық тобының» парламентаралық ынтымақтастық комиссиясы деңгейіне көтерілгені атап өтілді. Бұл бастама екі ел заң шығарушы органдары арасындағы өзара сенім мен ашық диалогтың тереңдеуіне жол ашты.
Кездесу қорытындысында парламентаралық әріптестікті одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.
***
Сапар аясында Өзбекстан делегациясы, Сенат Төрайымы Танзила Нарбаева жетекшілігімен, Витебск қаласындағы Жеңіс алаңына барып, Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым ретінде гүл шоқтарын қойды.