17 тамыз күні Қабул қаласында Өзбекстан Республикасының энергетика министрі Жорабек Мирзамахмудов пен Президенттің Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілі Исматилла Иргашев Ауғанстан Үкіметі басшысының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Мулла Абдул Ғани Барадармен кездесу өткізді.
Энергетика министрлігінің хабарлауынша, келіссөздерге қос елдің отын-энергетика компанияларының басшылары мен жауапты қызметкерлері де қатысты.

Кездесуде ағымдағы жылдың 3 шілдесінде Әзербайжанның Хонкенди қаласында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев пен Мулла Абдул Ғани Барадар арасында өткен диалогтың айрықша маңызы атап өтілді. Онда екіжақты ынтымақтастықты кеңейту, өзара тиімді жобаларды іске асыру және ортақ бастамаларды қолдау мәселелеріне баса назар аударылған. Бұл өз кезегінде стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге жол ашты.
Келіссөздер барысында Өзбекстан мен Ауғанстан энергетика компаниялары арасында төрт ауқымды жобаны жүзеге асыруға қатысты келісімшарттарға қол қойылды. Атап айтқанда, 500 кВ «Сурхон – Пули-Хумри» электр жеткізу желісі 200,6 шақырым қашықтықта салынып, «Хужа-Алвон» қосалқы стансасы кеңейтіледі. «Арганда» қосалқы стансасы 500/220 кВ-қа дейін кеңейтіліп, қуаты 800 МВА-ға жеткізіледі. «Бутхак» (Қабул) – «Шейх Мисри» (Нангархар) бағыты бойынша ұзындығы 125 км болатын 220 кВ екі тізбекті жаңа электр желісі салынады. «Шейх Мисри» (Нангархар) 220 кВ қосалқы стансасы 2x25 МВА және 2x40 МВА қуатында салынады.

Тараптар құрылыс жұмыстарын 6–7 қыркүйек күндері Қабул қаласында өтетін Халықаралық энергетика конференциясы аясында бастауға келісті.
Жобалар 2027 жылдың бірінші тоқсанына дейін толық жүзеге асырылады деп жоспарланған. Бұл Өзбекстан мен Ауғанстан арасындағы электр энергетикасы саласындағы әріптестікті одан әрі тереңдетуге қызмет етеді.
Келіссөз барысында құрылыс жұмыстарын сапалы және мерзімінде аяқтау, жергілікті ресурстарды тиімді пайдалану, энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту, есеп айырысу жүйелерін цифрландыру және білікті мамандар даярлау бағытында ынтымақтастықты кеңейту мәселелері де талқыланды.