Өзбекстан Республикасының инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрі Лазиз Қудратов АҚШ-тың Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Сержио Гор және Мемлекеттік хатшының орынбасары Кристофер Ландау бастаған делегациямен кездесті.
Келіссөздер барысында екі ел арасындағы инвестиция, өнеркәсіп, энергетика және инфрақұрылымдық даму салаларындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, биыл қыркүйек айында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің АҚШ-қа жасаған сапары кезінде қол жеткізілген маңызды келісімдерді жүзеге асыру тетіктеріне ерекше назар аударылды.

Лазиз Қудратов өз сөзінде екіжақты уағдаластықтарды нақты істермен бекіту қажеттігін атап өтіп, америкалық компаниялардың тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік және ақпараттық технологиялар сияқты басым бағыттардағы инвестициялық жобаларға жоғары қызығушылық білдіріп отырғанын айтты.
Кездесу барысында сондай-ақ алдағы уақытта өтетін «C5+1» саммитіне дайындық барысы талқыланды. Бұл шара Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтып, стратегиялық әріптестікті тереңдетуге бағытталған маңызды қадам болатыны атап өтілді.

Сонымен қатар министр АҚШ-тың беделді жоғары оқу орындарының бірі — Rowan университетінің президенті Али А. Хушмандпен де кездесу өткізді. Тараптар білім, ғылым және инновация салаларындағы серіктестікті кеңейту, сондай-ақ Ташкенттегі Nordic International University базасында жұмыс істеп жатқан Rowan халықаралық орталығын дамыту мәселелерін талқылады.
Қазіргі уақытта «1+3» бакалавриат және «1+1» магистратура бағдарламалары аясында Өзбекстан мен Орталық Азия елдерінің студенттері Ташкент пен АҚШ-та білім алып, инженерия, ақпараттық технологиялар, медицина және бизнес-басқару бағыттары бойынша америкалық диплом алу мүмкіндігіне ие.

Сондай-ақ, оқу үдерісін өндірістік тәжірибемен ұштастыратын қолданбалы білім беру моделін енгізу жоспарлары да сөз болды. Мұндай тәсіл жастарды еңбек нарығына бейімдеп, жоғары білікті кадрлар даярлау ісін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Бұл кездесулер Өзбекстан мен АҚШ арасындағы серіктестіктің тек экономикалық емес, білім және инновация салаларында да жаңа белеске көтерілгенін көрсетеді.