23 тамызда Ұлттық гвардия қолбасшысы генерал-майор Рустам Жураев конгрессмендер Трент Келли және Дарин Лахуд бастаған АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының делегациясымен кездесті.
Ведомствоның хабарлауынша, кездесу барысында Өзбекстан Ұлттық гвардиясының АҚШ тарапымен әскери ынтымақтастығы, АҚШ-тың Миссисипи штатының Ұлттық гвардиясымен екіжақты қарым-қатынасты дамыту мәселелері талқыланды.
Осы жылдың наурыз айында Миссисипи штаты Ұлттық гвардиясының қолбасшысы генерал-майор Дж.Бойлздің Өзбекстанға сапары барысында Өзбекстан Ұлттық гвардиясы қолбасшысы генерал-майор Р.Жураевпен кездесуі өткен еді.
Өзара тиімді ынтымақтастық аясында осы күнге дейін бірқатар оқу-тәжірибелік сабақтар сәтті өтіп, Ұлттық гвардияның әскери қызметшілері АҚШ сарапшыларының қатысуымен өткен оқу курстары мен семинарларында біліктілігін арттырғаны атап өтілді.
Сондай-ақ, кездесу барысында қоғамдық тәртіпті сақтау, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу, әскери кадрларды даярлау саласындағы өзара ынтымақтастықты кеңейту туралы келісімдерге қол жеткізілді.