Футболдан Өзбекстан ұлттық құрамасының бас бапкері Сречко Катанец денсаулығына байланысты қызметінен кететінін мәлімдеді.
Ақпаратқа сәйкес, Өзбекстан футбол ассоциациясымен жасалған келісім өзара шешіммен тоқтатылды.
Словениялық бапкер өз өтінішінде қазіргі жағдайы бойынша міндеттерін толық әрі кәсіби деңгейде орындауға мүмкіндігі жоқ екенін атап өтіп, ассоциацияға тұрақты қолдауы мен тиімді ынтымақтастығы үшін алғыс айтқан.
Сонымен қатар, ол Өзбекстан ұлттық құрамасына Әлем чемпионатының іріктеу ойындарында сәттілік тілеп, қоштасқан.
Өз кезегінде, Өзбекстан футбол ассоциациясы Сречко Катанецке ұлттық құраманы басқарудағы еңбегі үшін алғысын білдіріп, оның денсаулығының тез арада түзеліп, бапкерлік мансабын табысты жалғастыруына тілек білдірген.
Қазіргі таңда Өзбекстан футбол ассоциациясы ұлттық құраманың бас бапкері лауазымына лайықты кандидатты тағайындау бойынша жұмыстарын жүргізуде.