Өзбекстан ұлттық экспозициясы алғаш рет БАӘ-нің дәстүрлі фестиваліне қатысады
Мәдени мұра және алуан түрлілікті сақтау мен дәріптеуге арналған Біріккен Араб Әмірліктерінде дәстүрлі түрде өтетін Шейх Зайд фестиваліне биыл Өзбекстан Республикасының ұлттық экспозициясы алғаш рет қатысады.
Абу-Дабиде өтетін салтанатты фестиваль бүгін 20 қарашада ашылып, келесі жылдың 20 ақпанына дейін жалғасады. Онда алғаш рет қатысу мүмкіндігіне ие болған ӨР Ұлттық көрме залында әншілер, музыканттар мен бишілердің өнер ұжымдарының қатысуымен мәдени бағдарламалар өтеді. Сондай-ақ, Өзбекстанда піскен ауылшаруашылық, жеміс-көкөніс және кондитерлік өнімдер мен тамақ, тоқыма, тігін өнімдері ұсынылатын болады.
Араб еліндегі жыл сайынғы дәстүрге айналған фестивальдің ең жарқын қойылымдарының бірі - «Тайпалар маршы» деп аталады. Онда ұлттық әндер, билер және БАӘ мәдени мұрасының басқа да көріністері, патриоттық пен Отанға деген сүйіспеншіліктің жиынтық көрінісі бейнеленеді.
