Өзбекстан кәсіпқой бокс федерациясы Дүниежүзілік бокс қауымдастығына (WBC) қабылданды.
Бокс федерациясының хабарлауынша, Азия WBC бокс одағының штаб-пәтерінен Өзбекстанның кәсіпқой бокс федерациясына жолдаған хатында федерацияның Азия WBC бокс одағының құрамына ресми түрде қабылданғаны, ол өз кезегінде WBC-ке автоматты түрде қабылданғаны айтылған.
«Өзбекстанның кәсіпқой бокс федерациясының біздің қатарымызға ресми түрде қабылданғанын қуана хабарлаймыз. WBC мен Өзбекстан арасында кең ауқымды ынтымақтастық орнатылады. Келешегі жарқын дарынды кәсіпқой боксшыларға аймақтық чемпионаттарға қатысуға практикалық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар Өзбекстанда WBC туы астында бокс кештері өтеді», - делінген WBC-ABC президенті Ковит Бхакдибхуми қол қойған хатта.
Хабарда айтылуынша, WBA, WBO және IBF сияқты басқа да беделді бокс ұйымдарымен ынтымақтастық орнатылады. Осыған байланысты практикалық жұмыстар да басталған.
WBC ұйымына мүшелік Өзбекстанның кәсіпқой бокс федерациясына мынадай мүмкіндіктер береді:
Республикада кәсіпқой бокстың дамуын жаңа кезеңге көтеру;
Белгілі сарапшылардың қатысуымен төрешілер, дәрігерлер, супервайзерлер, жаттықтырушылар мен басқа да сала мамандарының біліктілігі мен тәжірибесін арттыру мақсатында WBC-мен бірлесіп тренинг және шеберлік сабақтарын өткізу.
Айта кету керек, WBC – әлемдегі ең беделді бокс ұйымы болып, ол 1963 жылы құрылған және бас кеңсесі Мексикада орналасқан. Қазіргі уақытта оның президенті ретінде мексикалық Маурисио Сулейман жұмыс істейді.