Ўзбек
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Өзбекстан күрделі экологиялық мәселелермен бетпе-бет келіп отыр
20:56 / 2025-12-25

Орталық Азия қоршаған орта және климаттың өзгеруін зерттеу университетінде (Green University) «Экологиялық мәселелердің табиғатқа негізделген шешімдері» тақырыбында III халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Іс-шара барысында Өзбекстан климаттың өзгеруі, су ресурстарының тапшылығы, биоалуантүрліліктің азаюы, жердің тұздануы және атмосфералық ауаның ластануы секілді күрделі экологиялық мәселелермен бетпе-бет келіп отырғаны атап өтілді. Бұл түйткілдер тек қоршаған ортаға ғана емес, экономикаға, қоғамға және халықтың денсаулығына да тікелей әсер етуде.

Конференцияны өткізудің негізгі мақсаты – орнықты даму қағидаттары мен озық, экологиялық бағытталған технологиялар негізінде экологиялық реформаларды жүзеге асырудың ғылыми-теориялық және практикалық қырларын талқылау.

Мамандардың айтуынша, 2025 жылдың «Қоршаған ортаны қорғау және «жасыл» экономика жылы» деп жариялануы, сондай-ақ салалық өкілетті органның Экология және климаттың өзгеруі жөніндегі ұлттық комитетке айналдырылуы экологиялық реформаларды сапалық тұрғыдан жаңа кезеңге көтерудегі маңызды қадам болды.

Сонымен қатар, «Өзбекстан – 2030» стратегиясында ауқымды міндеттер айқындалған. Олардың қатарында көгалдандыру деңгейін 30 пайызға жеткізу, Арал өңірінде орман алқаптарының аумағын 2,3 миллион гектарға дейін кеңейту, шөлейттену, құрғақшылық және шаңды-құмды дауылдарға қарсы күресу мақсатында 600 мың гектар аумақта қорғаныш орман белдеулерін құру, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды ұлғайту, сондай-ақ жасыл энергетиканың үлесін 54 пайызға жеткізу міндеттері қарастырылған. Бұдан бөлек, Өзбекстан Париж келісімі аясында 2035 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 50 пайызға қысқарту жөнінде міндеттеме алған.

– Экологиялық және климаттық мәселелер шекара білмейді, – деді Экология және климаттың өзгеруі жөніндегі ұлттық комитет төрағасы Азиз Абдухакимов. – Бұл проблемалар баршаны бірлесіп әрекет етуге үндейді. Осы тұрғыдан алғанда, «Green University» базасында IUCN-нің аймақтық өкілдігінің ашылуы халықаралық қауымдастықтың Орталық Азиядағы экологиялық мәселелерді ғылыми негізделген шешімдер арқылы еңсеруде Өзбекстанның ұстанымына деген жоғары сенімінің айғағы. Сонымен бірге университет негізінде Қытай Ғылым академиясының Шыңжаң экология және география институтымен бірлесіп құрылған Орталық Азия экологиялық зерттеулер орталығы аймақтық ғылыми ізденістердің негізгі платформасына айналады деп күтілуде.

Конференцияның пленарлық отырысында отандық және шетелдік жетекші сарапшылардың баяндамалары тыңдалды. Өзбекстандағы қазіргі экологиялық және су шаруашылығы мәселелері, сондай-ақ климаттың өзгеруі жағдайында оларды шешу жолдары басты назарда болды. Жасыл экономиканы қалыптастыру, оның даму логикасы және жасыл технологияларды енгізудің инновациялық бағыттары жеке баяндамаларда кеңінен қарастырылды.

Мамандардың қатысуымен суы тапшы аймақтарда су үнемдейтін технологиялардың су ресурстарының жағдайына және ауыл шаруашылығы өнімділігіне әсері, заманауи әдістер мен құралдар арқылы қалалардағы климаттық және табиғи қауіп-қатерлерді басқару, жер пайдалануды бағалаудағы интеграцияланған тәсілдер, сондай-ақ өзен алаптарын орнықты басқару стратегиялары талқыланды.

Экологиялық шешімдер саласындағы инновацияларды жедел енгізуге бағытталған халықаралық бастамаларға, сондай-ақ Термез қаласы мысалында атмосфералық ауаны ластайтын негізгі көздерді бағалау, ауа сапасын мониторингтеу және басқару жүйелерін жетілдіру жөніндегі ұсынымдарға ерекше көңіл бөлінді.