Оңтүстік Корея астанасы Сеул қаласында судьялардың біліктілігін арттыру халықаралық ұйымының (IOJT) келесі конференциясы өтуде. Әлемнің 70-тен астам елінен жиналған бұл шараға Өзбекстан өкілдері де қатысуда.
Конференцияның мақсаты – судьялық лауазымдарға үміткерлерді дайындау, судьялар корпусын құру және біліктілігін арттыру мәселелерінде пікір алмасу, әр ел өкілдері өздерінің ұлттық тәжірибелерін ұсынуда.

Өзбекстан Судьялар Жоғарғы кеңесінің жауапты қызметкері Хуршид Содиқовтың кеңес тарапынан ұйымдастырылған «Шығармашыл судьялар клубының» қызметі туралы баяндамасы және судьялардың біліктілігін арттыру бағдарламаларына олардың рухани деңгейін көтеруге қатысты мәселелерді енгізу жөніндегі ұсынысына конференция қатысушылары қызығушылық танытты.
Конференцияда соттар қызметіне жасанды интеллектті енгізу мәселесі басты назарда болды. Осы бағытта Өзбекстан ұсынған концепция негізінде Өзбекстан, АҚШ, Қытай, Сингапур, Бразилия және Оңтүстік Корея делегациялары халықаралық құжат жобасын әзірлеу үшін жұмыс тобын құруға келісті.

Айта кетейік, IOJT 2002 жылы құрылған. Қазіргі таңда 77 елдің судьялық лауазымдарға үміткерлерді дайындау және судьялардың біліктілігін арттыруға маманданған 125 ұйымы мен оқу орындары осы халықаралық ұйымның мүшесі саналады.
2022 жылдың қараша айында Канаданың Оттава қаласында өткен конференцияда Өзбекстан Судьялар Жоғарғы кеңесі осы халықаралық ұйымның мүшелігіне қабылданған болатын.
Өзбекстан өкілдері Сеулде өтіп жатқан халықаралық ұйымның ассамблеясының күн тәртібіндегі мәселелер бойынша дауыс беру процесіне толыққанды мүше ретінде қатысуда.