7–11 шілде күндері Швейцарияның Женева қаласында Ақпараттық қоғам мәселелері жөніндегі Бүкіләлемдік саммит – WSIS+20 өтуде. Атаулы халықаралық форумға алғаш рет Өзбекстанның Прогрессивті реформалар орталығының өкілдері қатысып отыр.
Форум Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен ұйымдастырылып, цифрлық даму, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) саясаты саласындағы жетістіктер мен инклюзивті диалогты ілгерілетуге арналған жаһандық платформа саналады. Биылғы жиын әлем елдерінің үкіметтері, халықаралық ұйымдар, азаматтық қоғам, ғылыми орта мен жеке сектор өкілдерінің басын қосқан.

Медиа және ақпарат тарату бөлімінің хабарлауынша, 10 шілде күні саммит аясында Прогрессивті реформалар орталығы «Өзбекстанда медиа мен АКТ-ны дамыту: цифрлық инклюзия және инфрақұрылымды күшейту» тақырыбында арнайы панельдік сессия өткізеді.
Сессия барысында цифрландыру саласындағы жетістіктер, ақпараттық қоғамды қалыптастыру, сондай-ақ Өзбекстанның ұлттық тәжірибесі талқыланбақ. Іс-шарада орталық директоры Миршохид Асланов, директордың орынбасары Қадамбай Султонов және «Digital Generation Uzbekistan» жобасының үйлестірушісі Умматой Юлдошева баяндама жасайды.

Панель қатысушыларына Өзбекстанда адам мүддесіне негізделген электрондық басқару жүйесін енгізу, цифрлық қызметтерге қолжетімділікті кеңейту бағытында жүргізіліп жатқан реформалар таныстырылады.
WSIS+20 саммиті аясында халықтың барлық топтары үшін цифрлық инфрақұрылымның қолжетімділігі мен ыңғайлылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ ақпаратқа қолжетімділікті кепілдендіретін инклюзивті әрі сенімді медиа экожүйесін қалыптастыру бойынша бастамалар да қызу талқылануда.
— WSIS+20 сынды халықаралық платформалар тәуелсіз институттарға тәжірибе алмасу, өзекті мәселелерді ортаға салу және цифрлық өзгерістерді ашық әрі инклюзивті түрде жүргізу мүмкіндігін береді, — деді Прогрессивті реформалар орталығының директоры Миршохид Асланов. Делегациямыздың бұл саммитке қатысуы – Өзбекстан азаматтық қоғамының жаһандық цифрлық саясаттағы белсенділігін айқын көрсетіп отыр.