Экономика және бейбітшілік институты (Institute for Economics & Peace, IEP) жариялаған Global Peace Index 2025 рейтингінде Өзбекстан айтарлықтай ілгеріледі. Ел қауіпсіздік пен бейбіт өмір сүру деңгейі бойынша 67-орыннан көрініп, өткен жылмен салыстырғанда екі сатыға жоғарылады.
Биылғы жаһандық индекс 163 мемлекет пен аумақты қамтып, жер шары халқының 99,7 пайызын құрайтын елдердің ахуалын саралаған.
Рейтинг үш негізгі бағыт бойынша 23 көрсеткіш негізінде жасалған. Атап айтқанда, қоғамдағы қауіпсіздік пен қорғалу деңгейі, ішкі және халықаралық қақтығыстардың ахуалы, сондай-ақ милитаризация дәрежесі ескерілген.
Тізімнің көшін Исландия қатарынан 17-рет бастап тұр. Сондай-ақ бейбітшілік деңгейі жоғары елдердің үздік бестігіне Жаңа Зеландия, Австрия және Швейцария енді. Сарапшылар бұл мемлекеттерде қоғамдық сенімнің берік қалыптасқанын әрі зорлық-зомбылық көрсеткіштерінің төмен екенін атап өтеді.
Өзбекстан рейтингте 96 елді артта қалдырып, 67-орынға жайғасты. Айта кетерлігі, елдің бұл көрсеткіші жыл сайын жақсарып келеді: 2020 жылы Өзбекстан 103-орында, ал 2024 жылы 69-орында болған еді. Бұл — тұрақтылық пен қоғамдық қауіпсіздік бағытындағы жүйелі саясаттың нәтижесі.
Ал рейтингтің ең соңғы сатыларында Ресей, Украина, Судан, Конго Демократиялық Республикасы және Йемен сияқты елдер орналасқан.