Өзбекстан Еуропалық Одақпен виза тәртібін жеңілдету жөнінде келіссөздер өткізді
Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі Еуропалық одақтың Ішкі істер және көші-қон жөніндегі бас дирекциясының сарапшыларымен келіссөздердің алғашқы кезеңін өткізді.
СІМ-нің Консулдық-құқықтық департаментінің мәліметінше, кездесуде еңбек қызметін орындауға, оқу мақсатында келетін Өзбекстан азаматтары, жүк көлігі жүргізушілері мен туристік топтар үшін виза рәсімдерін жеңілдету мүмкіндіктері талқыланды.
Атап айтқанда, еуропалық тарап Өзбекстан азаматтары үшін виза тәртібін жеңілдету мәселесін Еурокомиссия отырысының күн тәртібіне енгізу үшін орындалуы қажет бірқатар шарттарды айқындап берді.
Кездесу қорытындысында аталған мақсаттарға қысқа мерзімде қол жеткізу үшін осындай диалогтарды жалғастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді, делінген хабарламада.