Экономика және қаржы министрлігінің хабарлауынша, жуырда министрлік қызметкерлерінен құралған делегация іссапармен Бельгияда болды.
Сапар аясында Өзбекстан делегациясы Еуропа комиссиясының салық және кеден одағы, сондай-ақ климаттық іс-қимыл жөніндегі бас директорат өкілдерімен маңызды кездесулер өткізді.
Алдымен делегация Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша үйлестіруші Томаш Михалакпен жүздесті.

Кездесуде Еуропа кеңесі қабылдаған «Трансшекаралық көміртекті реттеу механизмі» (CBAM – Carbon Border Adjustment Mechanism) жеңілдету және күшейтуге бағытталған «Omnibus I» заңнамалық топтамасы талқыланды. Жаңа регламентке сәйкес, CBAM шеңберіндегі өнімдер көлемі жылына 50 тоннадан аспаса, аталмыш механизм талаптарына кірмейді.
Еске сала кетсек, Еуропа одағының CBAM тетігі ЕО-ға экспортталатын, өндіріс барысында көп мөлшерде парниктік газдар шығарылатын өнімдерге көміртек салығын енгізуді және ЕО-ға мүше емес елдерде экологиялық таза өнеркәсіп өндірісін ынталандыруды көздейді. Бұл механизм 2026 жылдан бастап күшіне енбек.
Сапар барысында Еуропа комиссиясының климаттық іс-қимылдар жөніндегі директорат өкілдері Томас Бернхайм, Стайн Расмуссен және Мая-Александра Диттельмен де кездесу ұйымдастырылды.

Тараптар аз көміртекті экономикаға көшу жолында көміртек нарығы тетіктерін енгізу мәселелерін талқылады. Әңгіме барысында кәсіпорындардың парниктік газдар шығарындыларын азайту, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау, өндірістегі энергия тиімділігін арттыру бойынша ЕО тәжірибесі қаралды. Сонымен қатар, ЕО эмиссия сауда жүйесінің (EU ETS – European Union Emissions Trading System) ауқымы, эмиссия лимиттері, көміртек квоталарын сату инфрақұрылымы және оның климаттық мақсаттарға жетудегі рөлі жайында жан-жақты мәлімет берілді.
Айта кетерлігі, ЕО-ның эмиссия сауда жүйесі 2005 жылдан бері жұмыс істеп келеді және әлемдегі ең ірі көміртек нарықтарының бірі саналады. Бұл жүйе аясында энергия өндіруші кәсіпорындар, ірі өнеркәсіп салалары және авиация компанияларына белгілі бір көлемде эмиссия квоталары бөлінеді. Кәсіпорындар өз шығарындыларын осы квоталар есебінен жабуға тиіс. Егер шығарындылар белгіленген межеден аз болса, артық квоталарды нарықтағы басқа қатысушыларға сатуға болады, ал артық болған жағдайда оларды биржадан сатып алу қажет. 2024 жылға қарай бұл жүйе қамтитын шығарындылар көлемі 2005 жылмен салыстырғанда 50 пайызға қысқарды. Осы уақыт ішінде жүйе арқылы 200 миллиард еуродан астам кіріс түсті, тек 2023 жылдың өзінде климаттық жобаларға 43 миллиард еуро бағытталды.
Кездесулер соңында тараптар CBAM талаптарын жеңілдету жөніндегі заңнаманы іске асыруға, ЕО мен оған мүше емес елдерде жергілікті эмиссия сауда жүйесін енгізуде техникалық көмек көрсетуге және ынтымақтастықты нығайтуға ерекше көңіл бөлді.