Өзбекстан елшісі Сауд Арабиясы СІМ-ге сенім грамотасының көшірмесін тапсырды
Өзбекстанның жаңадан тағайындалған елшісі Надир Турғунов Сауд Арабиясы Сыртқы істер министрінің хаттамалық мәселелер жөніндегі орынбасары Абдулмажид әл-Саммариге сенім грамотасының көшірмесін тапсырды.
«Dunyo» агенттігінің хабарлауынша, сыртқы саясат мекемесінде өткен кездесуде Өзбекстан мен Сауд Арабиясы арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағы, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды.
«Абдулмажид әл-Саммари екіжақты қарым-қатынастарды барлық аспектілерде нығайту және дамыту жөніндегі күш-жігерге үлес қосуға дайын екенін білдірді», делінген хабарламада.
Кездесу соңында Сауд Арабиясы Сыртқы істер министрлігі басшысының орынбасары елшіге екі ел арасындағы өзара қарым-қатынасты дәйекті дамыту жолындағы жауапты қызметіне табыс тіледі.