Ватикандағы Апостол сарайында Өзбекстанның Испаниядағы елшісі Фаррух Турсунов Рим папасы Лев XIV-ке сенім грамоталарын тапсырды. Кездесу барысында Өзбекстандағы реформалар, дінаралық келісім және Өзбекстан–Ватикан ынтымақтастығының болашағы талқыланды.
Dunyo ақпарат агенттігінің мәліметінше, сұхбат барысында елші Өзбекстанда саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларда жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар, демократиялық институттарды нығайтуға бағытталған бастамалар туралы мәлімет берген. Сондай-ақ Өзбекстан Президенті атынан Рим папасына шынайы сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізген.
«Өз кезегінде Рим папасы Лев XIV Өзбекстан Президенті мен халқына шынайы құрметін білдірді. Ол дипломатиялық қатынастар орнағаннан бері өткен 33 жыл ішінде Өзбекстан мен Ватикан арасында түрлі ұлт пен дін өкілдері арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға қызмет ететін ынтымақтастық әлеуеті қалыптасқанын атап өтті», делінген хабарламада.
Кездесуде Самарқандтың Шығыс пен Батыс әлеміне ықпал еткен философиялық әрі діни ой-пікірдің ірі орталығы ретіндегі маңызына да ерекше назар аударылды. Тараптар Өзбекстанның дінаралық келісім мен төзімділік қағидаттарын ілгерілетуді қолдайтынын, осы бағыттағы халықаралық бастамаларды жүйелі түрде қолдап келе жатқанын атап өтті.
Кездесу соңында Рим папасы Лев XIV өзбек халқының гүлденуі үшін дұға ететінін айтып, Өзбекстан мен Ватикан арасындағы достық пен сындарлы ынтымақтастықтың одан әрі нығаюына тілектестік білдірді.
Айта кетейік, Фаррух Турсунов Өзбекстанның Испаниядағы елшісі. Ол 2024 жылғы 9 сәуірде Испания королі Филипп VI-ға сенім грамоталарын тапсырған. Сондай-ақ ол қоса атқару тәртібімен Өзбекстанның Андоррадағы елшісі саналады және 2025 жылғы 11 наурызда Андорра тең-князі — Франция Президенті Эммануэль Макронға сенім грамоталарын тапсырған.