Өзбекстан елшісі Корея СІМ-ге сенім грамотасының көшірмесін тапсырды
Өзбекстанның Оңтүстік Кореяға жаңадан тағайындалған Төтенше және Өкілетті Елшісі Алишер Абдусаломов осы елдің сыртқы істер министрінің орынбасары, протокол қызметінің басшысы Ким Тэ Чжинге сенім грамотасының көшірмесін тапсырды.
Ресми рәсімнен кейін өткен сұхбат барысында биыл маусым айында Ташкент қаласында өткен жоғары деңгейдегі келіссөздер нәтижесінде ерекше қарқын алған Өзбекстан мен Корея Республикалары арасындағы көп қырлы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағы, сондай-ақ алдағы бірлескен іс-шаралар кестесі талқыланды.
Қабылдаушы елдің өкілі елшінің өзара тиімді ынтымақтастықты дәйекті дамытудағы қызметіне сәттілік тіледі.
Айта кетейік, 29 тамыз күні Сеулге барған елші Алишер Абдусаломов бұған дейін Олий Мажлис Сенаты Хатшылығын басқарған болатын. Ол 1995-2024 жылдар аралығында қысқа үзіліспен Сеулдегі Өзбекстан елшілігін басқарған Виталий Феннің орнына тағайындалды.