Өзбекстан Республикасының ASEAN ұйымындағы тұрақты өкілі Ойбек Эшонов аталған құрылымның Бас хатшысы Као Ким Хоурнға сенім грамоталарын табыс етті.
Кездесу басында Бас хатшы Као Ким Хоурн 2025 жылдың ақпан айында Жакарта қаласында Өзбекстан Сыртқы істер министрімен өткен келіссөздерді еске алды және оны нәтижелі әрі өте конструктивті деп бағалады.
Бұл кездесудің қорытындылары Өзбекстан мен ASEAN арасында нәтижелі саяси диалог пен жан-жақты ынтымақтастық орнатуға берік негіз қалағаны атап өтілді.
«Соңғы жылдары жаһандық қоғамдастықта, әсіресе Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде Өзбекстанға деген қызығушылық артып келеді. ASEAN елдері республиканы Орталық Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктес ретінде таниды», – деді Бас хатшы Као Ким Хоурн.
Сондай-ақ, кездесу барысында ұйым хатшылығы Өзбекстанның ASEAN-мен ынтымақтастықтың озық моделін құруға деген ұмтылысын және әртарапты серіктестікті нығайтуға деген табандылығын құптайтынын растады.
Айта кетейік, бұған дейін елші Ойбек Эшонов Индонезия Президенті Прабово Субиантоға да сенім грамоталарын табыс еткен болатын.