Киевтегі Өзбекстан елшілігі қазір Украинада болып тұрған өзбекстандықтарға үндеу жолдады. Үндеу мәтіні елшіліктің ресми сайтында жарияланған.
«Украинадағы жағдайдың шиеленісуін және төтенше жағдайдың енгізілгенін ескере отырып, Өзбекстан Республикасының азаматтарына хабарлаймыз:
Қазіргі уақытта Өзбекстан Республикасының Киевтегі Елшілігі эвакуация жоспарын және Украина аумағынан кеткісі келетін азаматтардың тізімін әзірлеуде. Украинаның әуе кеңістігінің жабылуын ескере отырып, ұшу бағыттары мен баратын жері әзірленуде.
Қолайлы эвакуациялау жолдарына қатысты мәселелер үшінші елдердің мүдделі қызметтерімен келісілгендіктен, Өзбекстан азаматтары елшіліктің www.uzbekistan.org.ua сайтында және әлеуметтік желілерде қосымша хабардар етілмек.
Украинадан кеткісі келетін Өзбекстан Республикасының барлық азаматтарынан төлқұжат мәліметтерін елшіліктің embassy@uzbekistan.org.ua электронды мекенжайына жіберулері сұралады.
Біз Украинадағы Өзбекстан азаматтарын тыныштықты сақтауын және қосымша сұрақтары болса елшілікке хабарласуын сұраймыз», делінген елшіхана хабарламасында.