2025 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) мүше 34 мемлекеттің 33-імен Өзбекстанның екіжақты келіссөздері толық аяқталды. Ал 2026 жылы Тайваньмен келіссөздерді түйіндеп, елдің Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылу үдерісін толық аяқтау жоспарланып отыр.
Бұл туралы Мемлекет басшысының Дүниежүзілік сауда ұйымы жөніндегі арнайы өкілі Азизбек Урунов мәлімдеді. Бұған дейін ол соңғы келіссөз жүргізілетін тарап Тайвань екенін атап өткен болатын.
Мәліметке сәйкес, 2025 жылы Еуропалық Одақ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания, Швейцария, Канада, Аустралия және өзге де ірі сауда серіктестерімен барлық негізгі келісімдерге қол жеткізілген. Бұл келіссөздер Өзбекстанның жаһандық сауда жүйесіне бейімделуін жеделдетуге бағытталған.
Сонымен қатар, Дүниежүзілік сауда ұйымы талаптарына сәйкес 30 нормативтік-құқықтық акт қабылданды. Оның ішінде 4 заң, Президенттің 8 жарлығы мен қаулысы, Министрлер Кабинетінің 12 қаулысы, сондай-ақ 6 ведомстволық құжат бар. Бұдан бөлек, қосымша 29 нормативтік-құқықтық актінің жобасы әзірленді.
Хабарламада кедендік рәсімдерді жетілдіру, экспорттық баж салығын оңтайландыру, сауданы қорғау тетіктерін күшейту, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық талаптарды енгізу, сондай-ақ саудадағы техникалық кедергілерді жою бағытында кешенді реформалар жүзеге асырылғаны атап өтілді.
Азизбек Уруновтың айтуынша, 2026 жылға арналған негізгі міндеттер қатарында Тайваньмен екіжақты келіссөздерді аяқтау, көпжақты келіссөздер мен Жұмыс тобының қорытынды есебін түйіндеу, ұлттық заңнаманы толық сәйкестендіру және Өзбекстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өту процесін толық аяқтау көзделіп отыр.
Бұл қадам елдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, халықаралық сауда кеңістігіндегі бәсекеге қабілеттілігін жаңа деңгейге көтереді.