Өзбекстан делегациясы 4-5 наурыз күндері Вена қаласында іссапармен болды.
Сапар аясында Өзбекстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы Атом энергиясы агенттігінің директоры Азим Ахмедходжаев пен Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (ХАЭА) бас директоры Рафаэль Гросси кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Өзбекстан мен ХАЭА арасындағы ынтымақтастықты нығайту, оның ішінде ядролық технологиялар мен қауіпсіздік саласындағы болашағы зор бағыттарды талқылады.

Сұхбат барысында Рафаэль Гросси Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев басшылығымен жүргізіліп жатқан кең ауқымды реформаларды жоғары бағалап, 2024 жылғы 4-5 желтоқсанда Ташкент пен Самарқандқа жасалған ресми сапар екіжақты ынтымақтастықта қол жеткізілген маңызды жетістіктердің айқын дәлелі екенін атап өтті.
Кездесуде «Жол картасы» аясындағы бірқатар жобалар қаралды. Атап айтқанда, «Үміт нұрлары» және «ZODIAC» бастамалары, сондай-ақ радиациялық және изотоптық технологиялар саласындағы перспективалар талқыланды.
Агенттіктің ақпарат қызметінің хабарлауынша, мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында Ташкент қаласындағы «Мәскеу инженерлік-физика институты» ұлттық зерттеу ядролық университетінің филиалында шағын модульді реакторлар бойынша мектеп ашу ұсынылды. Сонымен қатар, Өзбекстанда мақта шаруашылығы саласына ХАЭА-ның халықаралық стандарттарын енгізу мәселесі қаралды.
Кездесу соңында ХАЭА басшысы Өзбекстанның атом энергетикасы мен ядролық технологиялар саласындағы стратегиялық бастамаларын оң бағалап, олардың инновациялық әрі болашағы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ, елдің халықаралық ынтымақтастыққа бейілділігін ерекше атап, оны ХАЭА-ның аймақтағы негізгі серіктестерінің бірі ретінде мойындады.