2023 жылдың 1-7 шілдесі аралығында Италияның астанасы Римде Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) 43-ші конференциясы өтуде. Оған Өзбекстанның Ауыл шаруашылығы министрі Азиз Воитов бастаған делегация қатысуда.
Министрлік дерегінше, конференция барысында түрлі сессиялар ұйымдастыру жоспарланған. Онда өндірісті жақсарту, азық-түлік өнімдерін тұтыну сапасын арттыру, қоршаған ортаны жақсарту және өмір салтын жақсарту арқылы су ресурстарын тиімді пайдалануға қатысты бірқатар мәселелер талқыланады.

ӨР Ауыл шаруашылығы министрі А.Войтов конференция аясында ФАО бас директорының орынбасары, Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық өкілі Владимир Рахманинмен кездесті.
Кездесуде Өзбекстандағы ФАО өкілдігінің қызметін кеңейту, кадрлар даярлау саласындағы ынтымақтастықты нығайту қажеттігі баса айтылды және осы мақсатта жастарға ортақ бағдарлама ұйымдастыру туралы ұсыныс жасалды.

Биыл 7-8 қыркүйекте Самарқандта ФАО-мен бірлесіп азық-түлік қауіпсіздігі бойынша халықаралық конференция ұйымдастырылады. Жиында бұл жаһандық маңызы бар шараны өткізуге қатысты ұйымдастыру мәселелері де талқыланғаны айтылған.