Өзбекстан делегациясы Испанияның Барселона қаласында өтетін халықаралық туристік көрмеге қатысады.
Europa Press ақпарат агенттігінде Өзбекстанға арналған мақала жарияланды. Онда елдің «B-Travel» халықаралық туристік көрмесіне негізгі серіктес әрі құрметті қонақ ретінде қатысатыны хабарланған.
Дереккөзге сәйкес, биылғы 20–22 наурыз күндері Барселонадағы «Fira de Barcelona» кешенінің әйгілі «Montjuïc» алаңында өтетін туристік көрмеде Өзбекстан делегациясы бас серіктес және құрметті қонақ мәртебесінде қатысады.
Мақалада атап өтілгендей, соңғы жылдары Өзбекстан Ұлы Жібек жолы бойындағы бай тарихи мұрасының, соның ішінде әлемдегі ең көне қалалардың бірі саналатын Самарқанд және заманауи Ташкент қаласының арқасында танымал туристік бағыттардың біріне айналып отыр. Сонымен қатар, Өзбекстандағы ислам сәулет өнері ескерткіштері мен бірегей көрікті орындар испаниялық туристердің қызығушылығын тудырып қана қоймай, оған қоса осы ғажайып сәулет ескерткіштерін көруге сапарлайтын саяхатшылардың қатарыда едәуір арта түскен.
Өзбекстанның көрмеге қатысуы туризм саласының мамандары, агенттіктері мен туроператорлары үшін жаңа серіктестік мүмкіндіктерін ашатыны жайлы сөз айтылады.
«B-Travel» президенті Марти Саррате Барселонада көпшілікке ерекше әрі таңғалдыра алатын бағыттарды ұсыну бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Өзбекстанның серіктес мемлекет ретінде қатысуы көрме бағдарламасын одан әрі байыта түседі.
Сондай-ақ ол Өзбекстан үкіметі мен туризм саласы өкілдеріне сенім білдіргені үшін алғыс айтып, бұл іс-шара екі ел арасындағы туристік байланыстарды жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
Бұл көрме Өзбекстанның халықаралық туристік нарықтағы беделін одан әрі арттырып, елдің бай мәдени мұрасын әлем жұртшылығына кеңінен танытуға жаңа серпін беретін болады.