Өзбекстан Президентінің сыртқы саясат жөніндегі арнайы өкілі Абдулазиз Камилов бастаған делегация Ауғанстанға іс-сапармен барды.
СІМ хабарлауынша, Өзбекстан делегациясы Кабулда бірқатар ауған шенеуніктерімен кездесулер өткізді.
Келіссөздер барысында өзара сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, Ауғанстан аумағы арқылы түрлі транзиттік жүктерді тасымалдау көлемін арттыру сынды мәселелер талқыланған.
«Маңызды көлік-энергетикалық жобаларды жүзеге асыру, атап айтқанда, «Термез-Мозори-Шариф-Кабул-Пешовар» темір жолын салу, «Сурхан-Пули-Хумри» бағыты бойынша электр желісін тарту мәселелері қарастырылды», делінген хабарламада.
Тараптар жұмыстың практикалық кезеңіне тезірек өту қажеттігін айтып, екіжақты күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша сындарлы диалогты жалғастыруға дайын екендіктерін растаған.
Ведомство дерегінше, келіссөздер барысында әйелдердің құқықтарын құрметтеу және қорғау, Ауғанстанда қыздардың білім алуын қамтамасыз ету, сондай-ақ Термез қаласындағы Білім беру орталығының базасында ауғандық кадрларды дайындау қажеттігі баса айтылған.
Кездесулер аясында су-энергетика саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылғаны айтылады хабарламада.