2023 жыл 27 шілде күні Өзбекстан Президентінің Ауғанстан бойынша Арнайы өкілі Исматулла Иргашев бастаған Өзбекстан Республикасының делегациясы Ауғанстан бойынша «С5+1» консультация форматында арнайы өкілдер (Орталық Азия + АҚШ) деңгейінде арнайы сессияға қатысты.
СІМ хабарынша, шара барысында Ауғанстан дағдарысын шешу және елге шұғыл гуманитарлық және басқа да көмек көрсетудегі халықаралық күш-жігер талқыланды.
Тараптар Ауғанстандағы қазіргі жағдай, халықаралық қауымдастықтың елдің жаңа үкіметіне қатысты біртұтас ұстанымын дамыту, Ауғанстанда тұрақты және ұзақ мерзімді бейбітшілік орнату перспективалары туралы пікір алмасқан.
«Қатысушы елдердің өкілдері Ауғанстандағы адам құқықтарының сақталуы туралы айтып, халықаралық қауымдастықтың талаптарын орындау үшін Талибанның бірлескен күш-жігерін жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Форумға қатысушылар ауған әйелдері мен қыздарының білім алу және еңбек ету құқықтарын қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталып, Ауғанстан халқына гуманитарлық көмек көрсету қажеттігін баса айтты», делінген хабарламада.
Ведомство дерегінше, Орталық Азия елдері мен АҚШ-тың арнайы өкілдері аймақтағы лаңкестік қауіп-қатерге қарсы бірлесіп күресу, сондай-ақ Ауғанстанның халықаралық лаңкестік ұйымдар үшін қауіпсіз баспанаға айналуына жол бермеу туралы бірауыздан пікір білдірген.