Экономикалық даму – халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі факторы. Осыған байланысты экономиканы жаңғырту «Өзбекстан – 2030» стратегиясында белгіленген басты міндеттердің бірі саналады.
Қазіргі уақытта стратегияның жаңартылған жобасын талқылау барысында экономиканы тұрақты дамыту, халықтың тұрмыс деңгейін көтеру және бәсекеге қабілетті ұлттық экономикалық жүйе қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылып отыр.
Бұл туралы Сенаттың Бюджет және экономикалық мәселелер жөніндегі комитетінің отырысында сөз болды.
Комитет төрағасы Еркин Гадоев инвестициялық ахуалды жақсарту, отандық және шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасау, сондай-ақ жеке сектордың үлесін арттырудың маңыздылығын атап өтті.

Шағын және орта бизнесті қолдау арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға ерекше көңіл бөлінуі, экспортқа бағдарланған өнім өндірісін кеңейту, өңірлердің экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану және халықты жұмыспен қамту мәселелері де кеңінен талқыланды.
Атап айтқанда, экономиканың ең қарқынды дамып келе жатқан салаларында қолданбалы зерттеулерді күшейту мақсатында «кәсіпорын – жоғары оқу орны – ғылыми ұйым» кластерлік жүйесін енгізу көзделіп отыр. Осы арқылы 2030 жылға дейін мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылатын зерттеулер санын 1,6 мыңға жеткізу және экономиканың «драйвер» салаларында 850 түрлі инновациялық өнім өндіру жоспарланған.
Сонымен қатар еңбекке қабілетті халықтың, оның ішінде жастар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмыспен қамтамасыз ету арқылы жұмыссыздық деңгейін 4 пайызға дейін төмендету, 2030 жылға қарай экономика көлемін екі есеге ұлғайту және «табысы ортадан жоғары елдер» санатына қосылу басты мақсат ретінде айқындалды.

Фискалдық тұрақтылықты қамтамасыз ету және мемлекеттік міндеттемелерді тиімді басқару үшін жалпы ішкі өнімге қатысты көлеңкелі экономиканың үлесін 23 пайызға дейін қысқарту, сондай-ақ шоғырландырылған бюджет тапшылығын 3 пайыздан асырмау жоспарланып отыр.
Стратегияны жүзеге асыруда ашықтықты, айқындықты және қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілді. Жоспарланған экономикалық реформалардың негізгі мақсаты – халық табысын арттыру, кедейлік деңгейін төмендету және өңірлерді кешенді дамыту болып табылады.
Іс-шара барысында стратегияға қатысты ұсыныстар айтылып, елді бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде дамытуға бағытталған барлық қажетті шаралар қабылданатыны атап өтілді.