Өзбекстан Республикасы Олий Мажлис Сенатының Төрайымы Танзила Нарбаева Қытай Халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Лосанг Гялценмен кездесу өткізді.
Кездесу өзара достыққа және стратегиялық серіктестікке негізделген екі ел қарым-қатынасының кезекті жарқын көрінісіне айналды. Әңгіме барысында тараптар Өзбекстан мен Қытай парламенттері арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын, бұл байланыстардың заманауи мазмұнмен толығуы қажеттігін ерекше атап өтті.

Сенат пен ҚХР Халық өкілдері жиналысы арасында тұрақты диалог орнатып, тәжірибе алмасуды жүйелі жолға қою мақсатында арнайы парламентаралық комиссия құру туралы бастама талқыланды.
Сонымен қатар, жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдердің уақытылы және сапалы орындалуын бақылау үшін парламенттік бақылау тетіктерін күшейту мәселесіне назар аударылды. Жиын барысында «жасыл» экономика, қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағыттарында бірлескен практикалық семинарлар өткізу жөніндегі ұсыныстар да ортаға салынды.