ЮНИСЕФ: Газа секторы балалар үшін әлемдегі ең қауіпті жер
Газа секторы тағы да балалар үшін жер бетіндегі ең қауіпті аймаққа айналды және бұл анклавта тағы бір баланың өліміне жол бермеу үшін барлығын жасау керек, деді БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) басшысы Кэтрин Рассел.
Жұма күні таңертең израильдік әскерилер Газада соғысты қайта бастады. Олар ХАМАС-ты атысты тоқтату келісімін бұзды деп айыптайды.
The Wall Street Journal татуласудың тағы бір күнге ұзартылғанын хабарлады, бірақ бұл жаңалық ресми түрде расталған жоқ.
«Қыс есік қағып тұр. Тараптар балаларды қорғау үшін барлық мүмкін болатын құралдарды пайдалануы керек. Енді бірде-бір бала соғыс құрбаны болмауы керек», дейді ЮНИСЕФ басшысы.
Қараша айында БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитеті Газаның өте қысқа уақыт ішінде қорқынышты соғыс аймағына айналғанын, бес апта ішінде 4600-ден астам баланың қаза тапқанын атап өтті.