30 қазан – 13 қараша күндері аралығында Самарқандта өтетін ЮНЕСКО Бас конференциясының 43-сессиясы аясында қалада ЮНЕСКО-ның XIV Жастар форумы өз жұмысын бастады.
27–28 қазан күндері өтетін осынау ірі халықаралық жиын «Климаттық қозғалыс және оның, әсіресе жастар үшін әлеуметтік әсері» тақырыбына арналды. Форум ЮНЕСКО мен Өзбекстан Республикасы Үкіметінің қолдауымен ұйымдастырылып жатыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, форумның басты мақсаты — жастардың климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі белсенділігін арттыру, олардың идеялары мен бастамаларын жаһандық деңгейде ілгерілету және орнықты болашақты қалыптастыру ісінде жастардың үнін күшейту.
Іс-шара аясында қатысушылар үшін Самарқанд қаласы бойынша мәдени саяхат пен «Icebreaker» атты интерактивті сайыс өтті. Сонымен қатар, Өзбекстанның Мәдениет және өнерді дамыту қорының бастамасымен «Кең пейіл кемесі» атты халықаралық өнер жобасына арналған концерт ұйымдастырылды. Аталмыш жоба түрлі елдердің балаларын өнер арқылы достық, бейбітшілік және мейірім идеялары төңірегінде басқосуға бағытталған.
[gallery-25934]
Концерт бағдарламасында өзбекстандық жас өнерпаздармен қатар шетелдік жас таланттар да өз өнерлерін көрсетті. Түрлі ұлттар мен халықтардың әуендері форум қатысушылары тарапынан жылы қарсы алынды.
Форумның негізгі сессиялары 27 қазан күні басталады. «Generation of Action» («Іс-қимыл ұрпағы») ұранымен өтетін ашылу салтанатында жастар климат тақырыбындағы инновациялық идеялары мен бастамалары туралы пікір алмасып, олардың жаһандық климат саясатына ықпалын талқылайды.
Іс-шараға ЮНЕСКО бас директорының әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар жөніндегі орынбасары, Өзбекстан үкіметінің өкілдері, сондай-ақ Нигерия, Мысыр, Испания, Боливия және Бразилиядан келген жас климат көшбасшылары қатысады.
суреттерді түсірген А.Исроилов, ӨзА