Қырғызстанда сайлау нәтижесі жойылуы мүмкін президент мәлімдеме жасады
Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков саяси партия жетекшілеріне өз жақтастарын сабырға шақырып, оларды топталған орталардан таратуға шақырды
Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков саяси партия жетекшілеріне өз жақтастарын сабырға шақырып, оларды топталған орталардан таратуға шақырды.
Кешегі өткен Қырғызстандағы парламенттік сайлау нәтижелеріне байланысты қоғамда үлкен наразылық туындады. Көшеге шыққан мыңдаған азамат полицияның қарсылығына қарамай Ақ үйге басып кіріп сайлау нәтижесін жоюды және қайта сайлау өткізуді талап еткен. Одан бөлек наразылық білдірушілер экс-президент Алмазбек Атамбаевты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторынан босатқаны да хабарланды.
Елдегі ушыққан жағдайға байланысты президент Сооронбай Жээнбеков мәлімдеме жасап, халықты сабырға шақырды және қажет болса сайлау нәтижесі жойылып оны қайта өткізу жайлы сөз айтты: «Құрметті отандастар! Кеше кейбір саяси күштер мемлекеттік билікті заңсыз қолға алуға тырысты. Сайлау нәтижелерін сылтауратып, олар қоғамдық тәртіпті бұзып, қала тұрғындарының бейбіт өміріне алауыздық тудырды.
Бұл адамдар тәртіп сақшыларына бағынбай, дәрігерлерді ұрып-соғып, ғимараттарды бүлдірді. Мен құқық қорғау органдарына кез-келген азаматтың өміріне қауіп төндірмеу үшін оқ атпауды және қан төкпеуді тапсырдым. Осы уақытқа дейін біз жағдайдың ушығып кетпеуі үшін барлық шараларды қабылдадық. Мемлекеттегі бейбітшілік, қоғамның тұрақтылығы кез-келген депутаттық мандаттан құнды. Мен Орталық сайлау комиссиясын заң бұзушылықтарды мұқият тексеріп, қажет болған жағдайда сайлау нәтижелерін жоюға шақырдым.
Мен саяси партиялардың жетекшілерін өз жақтастарын сабырға шақырып, оларды жиналған ортадан алып кетуге шақырамын. Мен барлық отандастарымды бейбітшілікті сақтауға және арандатушы күштердің арбауына көнбеуге шақырамын. Еліміздің тыныштығы мен қоғамымыздың қауіпсіздігі ең маңызды. Мен барлық күштерді ел тағдырын саяси амбициялардан жоғары қойып, заңды аренаға оралуға шақырамын», - делінген мәлімдемеде.