Өзбекстан Орталық банкінде Қытайдың Tencent компаниясының делегациясымен WeChat Pay цифрлық төлем жүйесін елдің жергілікті төлем жүйелеріне интеграциялау мәселесі талқыланды.
Банк баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында Өзбекстандағы цифрлық технологиялар мен бұлтты инфрақұрылымды дамытуға байланысты екіжақты әріптестік мәселелері сөз болды.
«Тараптар Tencent Holdings Ltd құрамына кіретін WeChat Pay төлем жүйесін Өзбекстанның жергілікті төлем жүйелерімен біріктіру, QR-код арқылы төлем жасау мүмкіндіктері мен осы бағыттағы ынтымақтастықты кеңейту келешегін қарастырған», делінген хабарламада.
Кездесу соңында тараптар төлем жүйелері саласындағы бастамаларды қолдап, алдағы уақытта бірлесіп атқаратын жұмыстарды келісіп алды.
Айта кетейік, Tencent 1998 жылы құрылған Қытайдың ірі жеке инвестициялық холдингтік компаниясы. Компания Қытайдағы ғана емес, бүкіл әлемдегі ең ірі инвестициялық және венчурлық құрылымдардың бірі саналады. Tencent-тің еншілес кәсіпорындары интернет қызметтері, жасанды интеллект және электронды ойын-сауық салалары бойынша жоғары технологиялы жобаларға маманданған.