2022 жыл 8 қарашада Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Владимир Норов Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалған Бейбіт Атамқұловты қабылдады.
СІМ мәліметінше, кездесу министрге Елшінің сенім грамоталарының көшірмелерін тапсыру рәсімінен басталды. Министр Елшіні жаңа лауазымына кірісуімен құттықтап, кәсіби қызметінде табыс тіледі.
Сұхбат барысында Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы тату көршілік, стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастарды одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.
Жоғары деңгейдегі келісімдердің орындалу барысы қаралды. Жоспарланған сапарлар мен бірлескен іс-шараларға дайындық, сондай-ақ Қазақстан делегациясының Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне, Самарқандта өтетін Орталық Азия және Еуропалық Одақ сыртқы істер министрлерінің кездесуіне және «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» өзара тәуелділік жөніндегі конференцияға қатысуы жөнінде пікір алмасылды.
Өзара сауданың қарқынды өсіп келе жатқаны айтылып, тараптар өзара сауда көлемін одан әрі арттыру, өнеркәсіп, энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша бірлескен шараларды қабылдауға дайын екендігін мәлімдеді.
Екі елдің өңірлері арасындағы қарым-қатынастарды ілгерілетудің және нығайтудың маңыздылығы атап өтілді.
Халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастықты жалғастыруға келісілді.
Өзбекстан мен Қазақстанның мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды жандандыруға деген ұмтылысы ерекше аталды. Осы тұрғыда биылғы жылдың қараша айында өтетін «Қазақстандағы Өзбекстан мәдениеті күндеріне» дайындық мәселелері талқыланды, делінген хабарламада.