2022 жыл 12 желтоқсанда Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Владимир Норов Америка Құрама Штаттарының Халықаралық даму агенттігінің (USAID) директоры Саманта Пауэр және USAID директорының орынбасары Изабель Коулманмен кездесу өткізді.
СІМ мәліметінше, кездесуде Өзбекстан мен USAID арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен келешегі, басым бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
«Сұхбат барысында USAID басшысы Жаңа Өзбекстанның 2022-2026 жылдарға арналған даму стратегиясында айқындалған міндеттерді жүзеге асыруға жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті. Осыған байланысты USAID өз күш-жігерін АҚШ-тың Халықаралық Даму Қаржы Корпорациясымен (DFC) тығыз үйлестіретіні мәлімдеді», делінген хабарламада.
USAID басшысы Өзбекстан үкіметінің мемлекеттік басқарудың ашықтығын және сөз бостандығын қамтамасыз ету, азаматтық қоғамды дамыту жөніндегі практикалық қадамдарын құптаған және сұхбат барысында осы бағыттағы реформалар саяси және әлеуметтік-экономикалық өмірдің маңызды мәселелері бойынша шешімдер қабылдау процесінде қоғамның мүдделерін ескеруге ықпал ететіні айтылған.
«Өз кезегінде USAID басшысының орынбасары Изабель Колман Агенттік бірінші кезекте Өзбекстан дамуының басым бағыттарын ескере отырып, қаржылық және техникалық көмек көрсету жобаларын жүзеге асыруды жалғастыратынын атап өтті», делінген СІМ ақпаратында.
Ведомство дерегінше, USAID басшылығы энергетика саласын жаңғыртуға, жаңартылатын энергия көздерін енгізуге, су шаруашылығын дамытуға, білім беру жүйесін жетілдіруге, жастарды кәсіптік оқыту мен біліктілігін арттыруға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірген.