Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Владимир Норов Нұр-Сұлтанда өткен «Орталық Азия-Қытай» министрлерінің үшінші кездесуіне қатысты.
Келіссөздер барысында тараптар ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай 2022 жылғы 25 қаңтарда өткен Орталық Азия және Қытай басшыларының онлайн саммитінде алға қойылған бастамаларды жүзеге асыру жолдары жан-жақты талқыланды.

Министрлер саяси диалог, тұрақты даму, сауда-экономикалық, инвестиция, қаржы, ғылым және технология, көлік - коммуникация, су-энергетика, ақпараттық технологиялар, экология, мәдениет, гуманитарлық және жасыл энергия салалардағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту бойынша күш-жігерін жалғастыруды растады.
Аймақты қауіпсіздік, өзара тиімді, тұрақты және инклюзивті серіктестік кеңістігіне айналдыру үшін Орталық Азия мен Қытайдың бар әлеуетін пайдаланудың маңыздылығы айтылды.
Кездесуге қатысушылар Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзияевтің БҰҰ Бас Ассамблеясының Орталық және Оңтүстік Азияның өзара тәуелділігі туралы резолюциясын әзірлеу және қабылдау туралы бастамасын қолдады.
Сонымен қатар тараптар Ауғанстанды бейбіт жолмен қалпына келтіруге, оның ішінде халықаралық қауымдастықпен ынтымақтастыққа жәрдемдесу жөнінде пікір алмасты. Ауғанстанда бейбітшілік пен келісімді нығайтуға, гуманитарлық дағдарысты тезірек еңсеруге және әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымды қалпына келтіруге, елді әлемдік экономикалық қатынастарға тартуға бірдей мүдделі екендігі сөз болды.

Жиында В.Норов Өзбекстан Республикасы Президентінің тоқтаусыз жүк тасымалдауды қамтамасыз етуге, трансөңірлік логистикалық желілерді дамытуға және тасымалдауды жүзеге асыруға бағытталған Орталық Азия мен Қытайдың көлік қатынасын дамыту бойынша Үйлестіру кеңесін құру туралы бастамасын қолдауға шақырды.
Іс-шара нәтижесінде Бірлескен мәлімдеме, 2022-2025 жылдарға дейінгі аймақтық ынтымақтастықты дамытудың жол картасы, Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы өзара байланыс саласындағы ынтымақтастықты тереңдету бастамасы және Қытай мен Орталық Азия арасындағы ақпараттық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы бастама қабылданды.