2022 жыл 24 қазан күні Сеулде Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Владимир Норов Корея Республикасы Ұлттық ассамблеясының спикері Ким Чжин Пхёмен кездесті.
Өзбекстан СІМ мәліметінше, кездесуде Оңтүстік Корея парламентінің басшысы Орталық Азия аймағының Сеулдің сыртқы саяси стратегиясында Шығыс пен Батыс арасындағы негізгі дәнекер ретіндегі маңыздылығын атап өткен.
«Өзбекстан мен Корея арасындағы экономика, қаржы, энергетика, өнеркәсіптік кооперация, ақпараттық технологиялар, электронды үкімет, ауыл шаруашылығы, білім беру және денсаулық сақтау сияқты басым салалардағы ерекше стратегиялық серіктестіктің қол жеткізілген деңгейіне жоғары баға берілді.
Корея тарапына Өзбекстан Парламентінде Корея Республикасымен өзара іс-қимылдың барлық бағыттары бойынша жобалардың тиімді жүзеге асырылуын бақылау үшін құрылған Олий Мажлис Сенатының Төрағасы жетекшілік ететін арнайы комиссия туралы хабардар етілді», делінген хабарламада.
Ведомство дерегінше, кездесу барысында екі ел парламенттері арасындағы қоғамдық дипломатия және мәдени-гуманитарлық алмасу арқылы өзара іс-қимылды арттыру перспективалары талқыланған.