Ташкентте өткен «Конституциялық реформаның мазмұны мен мәні: Жаңа Өзбекстан – жаңарған Конституция» тақырыбындағы конференцияда Орталық Азия халықаралық институтының директоры Владимир Норов сөз сөйлеп, шетелдік мәртебелі меймандарға Өзбекстанның кейінгі алты жылдағы сыртқы саясаты мен жеткен жетістіктері туралы жан-жақты ақпарат берді.
Дипломат ең алдымен Орталық Азияның бүгінде тұрақты дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасалып жатқанына тоқталып, бұл үдерісте халықаралық ұйымдардың рөлі ерекше екеніне назар аударды:
– 2018 жылдың маусым айында БҰҰ Бас Ассамблеясы «Орталық Азия аймағында бейбітшілікті, тұрақтылықты және тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты нығайту» қарарын бекітті. Бұл құжатты қабылдау туралы бастаманы 2017 жылы қарашада Самарқандта өткен Орталық Азия бойынша халықаралық конференцияда Шавкат Мирзиёев көтерген болатын. Сол кезде Өзбекстан басшысы айтқандай, «Біздің басты мақсатымыз – бірлескен күш-жігермен Орталық Азияны тұрақты, экономикалық дамыған және гүлденген аймаққа айналдыру». Мемлекет басшысының аймақтық саясаты Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынастар тарихындағы жаңа кезеңді бастады.
2022 жылғы желтоқсанда Президенттің Парламентке Жолдауында Өзбекстанды одан әрі реформалау мен жаңғыртудың басым бағыттары айқындалды.
Құжатта көп ұлтты халқымыздың еркін де бақуатты өмір сүруін қамтамасыз ететін Жаңа Өзбекстанды құру тақырыбы маңызды орын алған. Қоғамның заманауи дамуына жауап беруі тиіс негізгі заңды жетілдіру – маңызды міндеттердің бірі.
Өзбекстанның сыртқы саясатының принциптері мен тәсілдері тұжырымдалған жаңарған Өзбекстан Конституциясының IV тарауында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, билік жүйесін теңгерімдеу, азаматтың және бүкіл қоғамның жан-жақты дамуы үшін жағдайды жақсарту көзделген.
Атап айтқанда, 18-бапта Өзбекстан мемлекеттер және халықаралық ұйымдармен екіжақты және көпжақты қарым-қатынастарды дамытуға бағытталған бейбітсүйгіш сыртқы саясат жүргізетіні айтылған. Бұл маңызды мәселенің Ата заңға енгізілуі бекер емес. Керісінше, бұл қазіргі әлемде өсіп келе жатқан тұрақсыздық пен сенімсіздікке лайықты жауап.
Бехруз Худойбердиев, ӨзА