2022 жыл 16 қарашада Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Владимир Норов бірқатар ірі халықаралық іс-шараларға қатысу үшін Өзбекстанға келген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Хельга Шмидпен кездесті.
СІМ хабарлауынша, кездесуде Өзбекстан мен ЕҚЫҰ арасындағы кең ауқымды ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Соңғы жылдары Өзбекстан мен Ұйым арасындағы байланыс айтарлықтай жанданып, сапа жағынан жаңа деңгейге көтерілді.
Өзбекстанда 2021-2022 жылдары ЕҚЫҰ жобаларын жүзеге асыру бойынша 2021 жылдың сәуір айында қабылданған Практикалық іс-қимыл жоспарын (Жол картасы) жүзеге асыру барысы туралы пікір алмасылды.
Ұйым қызметінің барлық үш бағыты бойынша түрлі бағыттағы жаңа бірлескен жобаларды әзірлеу мәселелері талқыланды.

Х.Шмид Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзияевтің аймақтағы ынтымақтастық пен тату көршілікті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалады.
«Экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға, климаттың өзгеруіне, табиғи ресурстарды пайдалануға, Арал теңізінің экологиялық апатын жоюға байланысты қауіпсіздік қатерлеріне ден қою шараларын күшейтуге ерекше назар аударылды», делінген ведомства хабарында.
Сондай-ақ тараптар Ауғанстандағы қазіргі жағдай, ауған халқына гуманитарлық көмек көрсету жөнінде пікір алмасқан.