Вьетнамның орталық аймақтары күшті жаңбыр мен су тасқынының құрсауында қалып, кемінде 41 адам көз жұмды, тағы 9 адам із-түзсіз жоғалған.
BBC хабарлауынша, бірнеше күн бойы толассыз жауған нөсер салдарынан 52 мыңнан астам үйді су басқан, жарты миллионнан аса отбасы мен кәсіпорын электр желісіз қалды.

Соңғы үш күн ішіндегі жауын мөлшері тіпті 1993 жылғы тарихи су тасқыны көрсеткішінен де асып түскен. Ең көп зардап шеккен өңірлер қатарында Хой Ан, Нячанг қалалары және таулы өңірлердегі кофе плантациялары бар.
Соңғы айларда Вьетнам бірқатар жойқын табиғи апаттарға тап болды: «Калмаэги» және «Буалой» тайфундары жүздеген үйді қиратып, елеулі шығын келтірген. Үкіметтің мәліметінше, биыл табиғи апаттар жалпы 2 миллиард доллар көлемінде залал келтірген.
Қазір су тасқыны болған аймақтарда құтқару жұмыстары жалғасуда. Он мыңдаған адам қауіпсіз жерлерге көшіріліп, әскери бөлімшелер тұрғындарға арналған уақытша баспаналар ұйымдастырып жатыр.