Вьетнамда су тасқындары салдарынан 100-ге жуық адам көз жұмды
Вьетнам климаттың өзгеруіне байланысты экстремалды ауа райы құбылыстарына жиі ұшырайтын болды. бұған дейін елде бірнеше апта ішінде екі рет жойқын тайфун соққан еді.
Елде қатты жауын салдарынан орын алған су тасқындары мен көшкі салдарынан кемінде 90 адам қаза тауып, тағы 12 адам жоғалғандар қатарында екені хабарланды.
Вьетнам үкіметінің дерегінше, бүкіл ел бойынша 186 мың үй зақымданған, үш миллионнан астам мал қырылған.
Ресми есеп бойынша, келтірілген шығын көлемі 300 миллион АҚШ долларынан асып отыр. Сондай-ақ шамамен 258 мыңға жуық адам электр жарығынсыз қалған, ірі автомагистральдер мен теміржол желілерінің кей бөліктерінде қозғалыс тоқтатылған.
Залал ең көп тиген өңірлерге көмек көрсету үшін армия мен полиция ресурстары жұмылдырылған.
Ел укіметінің мәліметінше, ең ауыр жағдайлар елдің оңтүстігіндегі бес провинцияда – Куангнгай, Зялай, Даклак, Кханхоа және Ламдонг аймақтарында тіркелген.