2023 жылдың 27 наурызында Будапешт қаласында Өзбекстан елшілігінің ашылуына арналған салтанатты шара өтті.
СІМ мәліметінше, атаулы шараға Өзбекстан Сыртқы істер министрлігінің басшысы Бахтиёр Саидов, Венгрияның Сыртқы істер және сауда министрі Петер Сийярто, Экономикалық даму министрі Мартон Над, сондай-ақ саяси және іскер топ өкілдері мен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.
Б.Саидов өз сөзінде Өзбекстан ашық, прагматик, бейбіт сыртқы саясат жүргізіп жатқанын, барлық елдермен өзара тиімді қарым-қатынастар дамып келе жатқанын, атап айтқанда, Венгриямен ынтымақтастықты кеңейту Өзбекстанның сыртқы саясатының маңызды бағыттарының бірі болып табылатынын атап өткен.
Өз кезегінде Петер Сийярто Өзбекстан Елшілігінің ашылуы бейбітшілікті сүйетін екі ел арасындағы қарым-қатынаста байқалып отырған оң қарқынның айқын дәлелі екенін және елшілік қызметі барлық жағынан өзара сыйластықты құрмет тұтатын екіжақты қарым-қатынастарды байытуға қызмет ететінін атап өтті, делінген СІМ хабарында.
Елшілік ғимараты Будапешт қаласының орталық аймағында орналасқан.
Бұған дейін Өзбекстанның Австриядағы елшісі бір мезгілде Венгриядағы елші қызметін қоса атқарған.
Еске салар болсақ, Венгрия 2016 жылы Ташкентте өз елшілігін ашқан.