Венесуэла шетелге сұйытылған газ экспорттай бастады
Венесуэла өз тарихында алғаш рет сұйытылған мұнай газын ел аумағынан тысқары жерге жөнелтті. Бұл туралы уақытша президент міндетін атқарушы Делси Родригес мәлімдеді.
– Осы жаңалықты бөліскеніме қуаныштымын: «Chrysopigi Lady» кемесі алғаш рет сұйытылған мұнай газын тиеп жолға шықты, – деп жазды Родригес әлеуметтік желідегі парақшасында. – Біз жұмысшы тобымен бірге бұл тарихи оқиғаны елдің алғашқы газ молекуласының экспорты ретінде атап өтеміз. Бұл – халқымыздың әл-ауқаты жолында қол жеткізілген жетістік.
Бұған дейін Венесуэла сұйытылған газды тек ішкі нарыққа бағыттап, елдің сұранысын толық қамтамасыз етіп келген. Ал биылғы жылдың басында үкімет қабылдаушы ел көрсетілмеген экспорттық келісімшартқа қол қойылғанын хабарлады.