Велоспорттан әлем чемпионаты Италияда өтеді
Халықаралық велосипедшілер одағы (UCI) 2020 жылғы велоспорттан әлем чемпионаты Италияның Имола трассасында өтетінін мәлімдеді
Халықаралық велосипедшілер одағы (UCI) 2020 жылғы велоспорттан әлем чемпионаты Италияның Имола трассасында өтетінін мәлімдеді.
Коронавирусқа байданысты Швейцария үкіметі велоспорттан әлем чемпионатын өткізуден бас тартқан кезде, биыл жолақты жейде ешкімге нәсіп етпейді деген қауесет тарай бастады. Алайда Халықаралық велосипедшілер одағы бұл қауесетке нүкте қойып, жарыс 24-27 қыркүйек аралығында Италияның Имола трассасында өтетінін хабарлады.
Биылғы жарыс тек «элита» санатында өтетін болғандығын айта кеткен жөн. Өйткені элиталық спортшылардың көпшілігі қазірдің өзінде Еуропада, ал көптеген жасөспірімдер шектеулерге байланысты Италияға келе алмайды. Соның негізінде ұйымдастырушылар осы тоқтамға келген.
Жарыста ерлерге арналған жолдың ұзындығы 259,2 шақырым болса, әйелдердікі - 144 км құрайды. Сайыста спортшылар екі күрделі беткейге көтерілетін болып, кейбір жерлерде градиенті 14 пайызды құрайтын аудандардан өтеді.