17 қыркүйекте Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 78-сессиясына қатысу үшін Нью-Йорк қаласына келді.
Мемлекет басшысының Америка Құрама Штаттарына сапары қарсаңында Вашингтонда Өзбекстан-Америка бизнес форумы өтті. Оған екі елдің мүдделі министрліктері мен ведомстволары, өндірістік бірлестіктер, коммерциялық банктер, инвестициялық құрылымдардың басшылары, сондай-ақ IT, машина жасау, ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, көлік, банк ісі және басқа да салаларда жұмыс істейтін АҚШ-тың ірі корпорацияларының басшылары қатысты.

Форумның ашылу салтанатында Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Жамшид Ходжаев, Инвестициялар, индустрия және сауда министрі Лазиз Кудратов, АҚШ-Өзбекстан сауда палатасының төрағасы Кэролин Лемм, АҚШ ЭКСИМ банкінің президенті Рета Джо Льюис және Мемлекеттік хатшы көмекшісінің орынбасары Дас Марк Поммершайм сөз сөйледі.
Екі ел басшыларының саяси ерік-жігері, үкіметтер мен іскер топтардың тұрақты ынтымақтастығы елдер арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық қатынастардың қарқынды дамып келе жатқаны ерекше атап өтілді.

Өзбекстан тарапы экономика, сауда, өнеркәсіпті дамыту және инвестициялық ортаны жақсартудағы маңызды жетістіктерді таныстырды. Атап айтқанда, еркін нарық пен салауатты бәсекелестік тетіктері құрылып, кәсіпкерлікті белсенді қолдау, инфрақұрылымды дамыту, энергетикалық ресурстарды ұтымды пайдалану, мемлекеттің экономикаға қатысуын қысқарту, кең ауқымды жекешелендіру процестері қолға алынғаны айтылды.
Жүргізіліп жатқан реформалардың арқасында Өзбекстан америкалық іскер топтар үшін тартымды инвестициялық бағытқа айналды. Бүгінде Өзбекстанда АҚШ-тың 300 компаниясы жұмыс істейді. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Автокөлік өндірісі - General Motors, ауылшаруашылық машиналарын жасау - John Deer, CNH, газ өндірісі - Air Products, ауыл шаруашылығы - Silverleafe және басқа салаларла табысты жағдайлар байқалуда.

Сонымен қатар тау-кен өнеркәсібі, химия және энергетика өнеркәсібі, тоқыма өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, электроника, ақпараттық технологиялар сияқты бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың ең перспективалы бағыттары айқындалды. Қосылған құны жоғары өнім өндіретін және үшінші елдерге экспорттайтын бірлескен кәсіпорындар құруда үлкен мүмкіндіктер бар.
Екі ел арасындағы іскерлік қарым-қатынасты жандандыру маңызды екені, барлық бірлескен жобалар мен бастамаларға мемлекет тарапынан толық қолдау көрсетілетіні айтылды.

Шара барысында жаһандық бәсекелестік, жеткізу тізбегінің тұрақтылығы, бизнес-ортаны дамыту, инновацияларды ілгерілету, стратегиялық болжау, жекешелендіру және қаржылық-техникалық ынтымақтастық мәселелері бойынша жеке сессиялар өткізілді.

Бизнес-форум жұмысы Өзбекстан мен АҚШ министрліктері, ведомстволары, салалық қауымдастықтары мен жетекші компаниялары басшыларының «G2B» және «V2V» форматындағы кездесулерімен жалғасты. Жиынға қатысушылар бірлескен кәсіпорындар құру және өзара тиімді сауда келісімдерін жасау мәселелерін жан-жақты талқылады.
Шара соңында энергетика, машина жасау, АКТ, ауыл шаруашылығы, қаржылық-техникалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық, медициналық және фармацевтикалық өнімдер өндірісі салаларында 12 құжатқа қол қойылды.

ӨзА