Варшава мен Ташкент қалалары арасында 2023 жылдың соңына дейін тұрақты әуе қатынасы ашылуы көзделген.
Өзбекстанның Польшадағы елшілігінде LOT Polish Airlines компаниясының басшылығымен кездесу өтті.
LOT Polish Airlines компаниясының желілері мен альянстарының директоры Роберт Лудераның айтуынша, LOT Polish Airlines авиакомпаниясының делегациясы келесі айда Өзбекстанға келіп, осы жылдың соңына дейін Варшава мен Ташкент арасында тұрақты әуе қатынасын орнату мәселесін елдің ресми өкілдерімен талқылауды жоспарлап отыр.
Кездесуде LOT Polish Airlines Өзбекстанмен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға және тұрақты тікелей рейстерді орнатуға қызығушылық танытқан.
Екі елдің астаналарын байланыстыратын тікелей рейстерді жүзеге асыру туралы келісімге дипломатиялық миссияның қолдауымен 2022 жылдың тамыз айында ӨР Көлік министрі Илхам Махкамовтың Польшаға сапары аясында LOT Polish Airlines вице-президенті Михал Фийолмен келіссөздер барысында қол жеткізілген еді.