ВАКЦИНАЦИЯ: Өзбекстанда коронавирусқа қарсы екпе алғандар саны 565 мыңнан асты
Өзбекстанда сәуір айының алғашқы күнінен басталған халықты жаппай вакцинациялау науқаны барысында қазірге дейін 565 934 азаматқа вакцина егілді.
Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, 26 сәуір күні ел аумағында 21 405 адам вакцина алған. Күндік көрсеткіш бойынша аймақтар арасында ең көп вакцина алғандар Қашқадария облысында – 2500 адам.
Қазіргі уақытта Өзбекстан аумағындағы вакцинация аясында 1,66 млн доза мөлшердегі (AstraZeneca, ZF-UZ-VAC 2001) вакцина қолданылуда. Сәуір айының соңына дейін тағы 1 миллионнан астам вакцина жеткізіледі деп күтілуде.
Естеріңізге сала кетейік, елдегі вакцинация жоспары бойынша 3 айда 4 млн тұрғынды вакциналау көзделген. Мамырда екпе алуды аудан орталықтары мен шағын қалалар тұрғындары жалғастырады, маусым айында ауыл тұрғындары вакциналанбақ.