Ақпарат ағыны көз ілеспес жылдамдықта тарап жатқан мына заманда әрбір телефон қоңырауы мен интернет байланысы жоғары деңгейдегі қауіпсіздікті талап ететіні белгілі. Осындай жағдайда киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету тек сала мамандарының ғана емес, қоғамның әрбір мүшесінің мүддесіне тікелей әсер ететін маңызды мәселеге айналып отыр.
Осы бағытта АҚШ-қа жасалған іссапар барысында Өзбекстан Республикасының Цифрлық технологиялар министрі Шерзод Шерматов «Ribbon Communications» компаниясының президенті әрі бас атқарушы директоры Брюс МакКлелландпен, сондай-ақ компанияның Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша президенті Леон Тилевичпен кездесті. Келіссөздер нәтижесінде телекоммуникация саласындағы ынтымақтастықты нығайту және киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

«Ribbon Communications» - телекоммуникация және бұлтты шешімдер саласында жетекші халықаралық компания. Ол дауыс, деректер мен қауіпсіз байланыс инфрақұрылымдары үшін инновациялық технологиялар ұсынып, әлемнің ірі байланыс операторлары мен кәсіпорындарына қызмет көрсетеді. Компанияның шешімдері заманауи кибершабуылдардан қорғау, байланыс сапасын арттыру және деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Жаңа келісім аясында «Узбектелеком» желілерінде антиспуфинг жүйесін (жалған нөмірлермен жасалатын алаяқтыққа қарсы қорғаныс) енгізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар тараптар киберқауіпсіздік саласында инновациялық шешімдерді бірлесе әзірлеп, оларды тәжірибеге енгізу бойынша нақты іс-шаралар жоспарын қабылдады.
Бұдан бөлек, мамандарды оқыту және тәжірибе алмасу бағдарламалары іске қосылып, ұлттық телекоммуникациялық инфрақұрылымның қауіпсіздігін күшейту бағытында жаңа зерттеу жобалары қолға алынбақ.